БҚО-да тұрғындар ауыл маңында жер қазу жұмыстарына наразы
ОРАЛ. KAZINFORM - Әлеуметтік желіде Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылдық округінде жер қазу жұмыстарының жүргізіліп жатқаны жөнінде бейнежазба тарады.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, бейнежазба 14 ақпан күні түсте түсірілген. Шабындық жерден шұңқырдың қазылуына байланысты ауыл адамдары наразылық білдірген.
Осы мәселеге байланысты Байқоныс ауылдық округінің әкімі Алмас Қоңыров түсінік берді.
Оның сөзіне қарағанда, округ аумағында, Байқоныс ауылынан 1,5 шақырым жерде 13 ақпанда белгісіз адамдардың шұңқыр қазып жатқаны анықталды. Сол күні Январцев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ қызметкерлері оқиға орнына барып, аталған жер телімі мекеме қарамағына жатпайтынын растады.
- Ауылдық округ әкімдігі учаскелік полиция қызметкерімен бірге 14 ақпанда қайта тексеру жүргізді. Жер телімінде 1 экскаватор мен 1 «КамАЗ» техникасы жұмыс істеген. Экскаватор қазып, «КамАЗ» топырақты айналасына төккен. Экскаватор жүргізушісінен түсінік алу барысында ол бұл жұмыстың балық аулау үшін жүргізіліп жатқанын айтты. Кейін ауыл тұрғындары мен жергілікті қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері жиналып, техника иесін шақыртты. Техника иесінің айтуынша, жер учаскесінің иесі Мүтиғолла Ирменов шұңқыр қазуға рұқсат берген, алайда онымен байланыс орнату мүмкін болмады, - дейді Алмас Қоңыров.
Анықталғанындай, жер иесі Мүтиғолла Ирменов 98 гектар жер учаскесіне шаруа қожалығын жүргізу үшін иелік етеді. Ауыл тұрғындары және қоғамдық келісім кеңесі бұл әрекетке қарсылық білдіріп, жер әуелден шабындық ретінде бөлінгенін және онсыз да мал бағуға жер жетіспейтінін айтып, наразылық танытты.
- Осыған байланысты ауыл тұрғындары, жергілікті қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері және учаскелік полиция қызметкері бірлесіп, қосымша тексеру жүргізу және мән-жайды анықтау үшін жұмысты тоқтатты. Қазылған шұңқырдың көлемі шамамен – ені 15, ұзындығы 20 метр, тереңдігі – 2-3метр, - деді ауыл басшысы.
Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов мәселені анықтап, аудан прокуратурасымен бірге заңдылығын қарап, шешім қабылданатынын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда улы топырақпен бөгет тұрғызылып жатқанына байланысты әкімдік жауап бергенін жазған болатынбыз.