БҚО-да тұрғындар қаржы пирамидасына 700 млн теңге салған
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында қаржы пирамидасын ұйымдастыру бойынша тіркелетін қылмыстық істер саны артып отыр.

БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Нұрбол Ахметовтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, өңірде қаржы пирамидасына қаражат салып, табыс табамын деп опық жеп қалған азаматтар саны азаяр емес.
Нұрбол Жолдасұлының сөзіне қарағанда, соңғы үш жылда ҚР ҚК 217-бабы бойынша қаржы пирамидасын құрып, оған басшылық етудің 14 дерегі тіркелген. Осы пирамидаларға 3 мыңнан астам салымшы қатысқан.
«Мысалы, биыл жаңа инвесторлардан тартылған қаражат есебінен жоғары ақы төленетін табысқа сәйкес қызмет көрсетемін деген желеумен „World Money“ өзара көмек қоры» атты қаржы пирамидасын құрып, оның қызметін басқарған Б.Абдуғалиевке қатысты қылмыстық іс мәресіне жетті. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында осы қаржы пирамидасына 99 салымшының 13 млн 575,2 мың теңге көлемінде қаражат салып, соның ішінде 30 азаматқа 2 млн 601,3 теңге мүліктік залал келтірілгені анықталды. Абдуғалиев сот үкімімен кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді. Сондай-ақ қаржылық және коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды», дейді Н.Ахметов.
Оның айтуынша, жуырда «Life is Good» қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша соттың айыптау үкімі шықты.
Осы істің аясында қылмыстық жолмен, яғни аталған пирамидадан алынған ақшаны заңдастыру бойынша эпизод анықталып, сот үкімі бойынша қылмыскерге қосымша айып тағылды.
Бұдан бөлек, «Chia Tai Pharmaceutical» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін ұйымдастыру дерегі бойынша 2 қылмыстық іске нүкте қойылды. Салымшылардың қаржысы шетелдегі фармацевтикалық және энергия көзін өндіру компанияларына инвестиция есебінде тартылған.
«Облыста табысы аз, білім, денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтіндер, зейнеткерлер, басқа да халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына жататындар аталған пирамиданың құрбанына айналып отыр. Салымшылардың жалпы саны 600-ден асады. Олар 700 млн астам теңге салған. Ал „Qnet“ және „Granat“ қаржы пирамидалары бойынша қылмыстық іс аяқталған. Бұларда жәбірленушілерге келтірілген залал өтелген. Қаржы пирамидаларына қарсы тұру бағытында іс-шаралар жүргізіліп келеді. Айталық, 286 сайт, WhatsApp мессенджерінде 2 097 қатысушысы бар 6 топ бұғатталды. 15 колледжде қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында дәрістер оқылды», дейді Н.Ахметов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 23 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған дроппердің сотталғанын жазған болатынбыз.