БҚО-да тұрғын үй өртеніп, 45 адам эвакуацияланды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тұрғын үйден өрт шығып, 45 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да тұрғын үй өртеніп, 45 адам эвакуацияланды

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға кеше сағат 17.30 шамасында болды.

Бәйтерек ауданы, Дариян ауылының М.Шолохов көшесінде қос қабатты 8 пәтерлі үй өртенген. №8 пәтердің төбесі мен ондағы жеке заттар отқа оранған. Жалын шарпыған аумақ 60 шаршы метрді құрағандықтан, қосымша күштер шақырылды.

Тұрғын үйден 45 адам қауіпсіз жерге шығарылды, соның 10-ы – балалар.

Тілсіз жауды ауыздықтауға 10 адам, 3 техника жұмылдырылды.

Өрт 18.30-да оқшауланып, 19.54-те толығымен сөндірілді.

Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, кінәлі адамдар, келтірілген шығын анықталуда.