БҚО-да тұрғын үйдегі өрт орнынан ер адамның мүрдесі табылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тұрғын үйдегі өрт орнынан ер адамның мүрдесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің бас маманы Нұралы Мусиевтің мәлім еткеніндей, оқиға 15 маусымға қараған түні сағат 00.02-де Бәйтерек ауданы Дариян ауылында болды.

Екіпәтерлік жеке үй жанып, өрт аумағы 70 шаршы метрді қамтыды. Өрт салдарынан үйдің төбесі опырылып түскен.

Оқиға орнынан ер адамның, алдын ала болжам бойынша үй иесінің денесі табылды.

«Тілсіз жау» 4 қызметкер, 2 техниканың күшімен сағат 01.48-де ауыздықталды.

Қазіргі кезде оқиға орнында өрт сынағы зертханасы мен полиция департаментінің қызметкерлері жұмыс істеуде.

Өрттің шығу және өлім себебі анықталуда. Көршілері мен учаскелік полицейдің сөзіне қарағанда, марқұм маскүнемдікке салынған. Бірнеше рет қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке де тартылған.


Жыл басынан бері өңірде тұрғын үй секторында 141 өрт тіркеліп, соның салдарынан 3 адам қаза тауып, жетеуі түрлі жарақат алды.

«Өрт кейде адамдардың масаюы салдарынан шығып жатады. Олар өз іс-әрекеттеріне есеп бермей, өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзады», деді Н.Мусиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда полиция автокөлігінің жанып кеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар