БҚО-да ТЖ департаментіне жаңа басшы тағайындалды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мен ТЖ комитетінің төрағасы Владимир Беккер жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді.
БҚО ТЖ департаментінен түскен мәліметке қарағанда, Ю.Ильин сапар барысында жеке құрамға ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен БҚО ТЖ департаментінің бастығы болып тағайындалған генерал-майор Жасұлан Қыдырқожаұлы Жұмашевті таныстырды.
Министрдің орынбасары екі жылға жуық БҚО ТЖ департаментін басқарған, енді ҚР Ішкі істер министрлігі ТЖ комитеті төрағасының орынбасары болып ауысқан Марат Күлдіковке табысты еңбегі үшін алғысын білдіріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Сапар кезінде меймандар гарнизонның өрт сөндіру бөлімдерінің, жедел құтқару жасағының материалдық-техникалық базасымен танысып, «Өрт сөндіруші» АҚ Батыс Қазақстан филиалында болды. Департамент пен оған бағынышты құрылымдардың қарамағындағы техникалар мен құрылғылардың жай-күйі мен даярлығы тексерілді. Өрт-техникалық орталығындағы мұражай мен өрт сөндіру көліктерін құрастыратын «Оралагрореммаш» АҚ да назардан тыс қалған жоқ.
Айта кетейік, Ж.Қ.Жұмашев 1968 жылы 22 қаңтарда БҚО-ның қазіргі Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында дүниеге келген.
Білімі әскери жоғары, 1990 жылы Кеңес одағының маршалы В.Д.Соколовский атындағы Новочеркасск жоғары әскери командалық Қызыл Тулы байланыс училищесін тәмамдаған. 2003 жылы ҚР Қарулы күштерінің Әскери академиясын үздік бітірді.
1986 жылғы тамыздан әскери қызметте.
1990 жылдан бастап түрлі әскери лауазымдарды атқарды.
2004 жылдан - Қазақстан Республикасы Республикалық ұлан қолбасшысының аппарат басшысы.
2005 жылғы наурыздан - БҚО ТЖ департаментінің бастығы.
2008 жылғы наурыздан - Атырау облысы ТЖ департаментінің бастығы.
2011 жылғы наурыздан - ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Ақпараттандыру және байланыс департаментінің директоры.
2012 жылғы қыркүйектен - ҚР ТЖ министрлігі Азаматтық қорғаныс департаментінің директоры.
2014 жылғы қазаннан ҚР Ішкі істер министрлігі ТЖ комитеті төрағасының орынбасары болды.
Екінші дәрежелі «Айбын» орденімен, бірнеше медаль, төсбелгілермен марапатталған.