БҚО-да ұлттық жоба аясында энергетикалық нысандар жаңғыртылып жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қолға алынған нысандар БАҚ өкілдеріне таныстырылды.

БҚО-да энергетикалық және нысандар жаңғыртылып жатыр
Фото: видеодан алынған скрин

Орал қаласында негізгі жылу желілерінің бірі – № 7 жылу магистралін қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусиннің мәлім еткеніндей, аталмыш жоба аясында Т.Масин және М.Жүнісов көшесі бойында 1,8 шақырым құбыр ауыстырылады. Қазіргі уақытта мердігер қазу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тозуы 75-80 пайызға жеткен құбырда апатты жағдай көп болатын. Мұндағы жұмыстарды жылыту маусымы басталғанға дейін бітіру көзделіп отыр.

«Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Бақытжан Әкімғожиннің нақтылауынша, № 7 жылы магистралі 1987 жылы іске қосылған, бұған дейін әр жердегі ақаулар жөнделіп келген. Жобаның жалпы құны – 2,5 млрд теңге. Қайта құру кезінде пенополиуретан – алдын ала оқшауланған құбырлар салынады. Оның қызмет ету мерзімі – 50 жыл. Осы магистраль арқылы шаһардың орталық бөлігінде 5 мыңнан астам абонент жылумен және ыстық сумен қамтылады.

БҚО-да ұлттық жоба аясында энергетикалық нысандар жаңғыртылып жатыр
Фото: Ғайсағали Сейтақ

Ұлттық жоба аясында сонымен қатар Зачаган кентінде 4 МВт «Санмектеп» қазандығын жаңғырту жұмысы мәресіне жетті. Құны 229,3 млн теңге болатын нысан өткен жылыту маусымында екі мектепті, Шаған полиция бөлімі ғимаратын және «Қазақтелеком» АҚ филиалын жылумен тұрақты қамтамасыз етті. «Жайықжылуқуат» АҚ бас директорының орынбасары Бекболат Қамашевтің мәлімдеуінше, 1974 жылы салынған қазандық түгелдей жаңартылды.

Облыс орталығындағы негізгі нысандардың бірі – Зачаган кентінде құны 1,8 млрд теңге болатын № 29 кәріздік сорғы станциясын қайта құру. Жоба аяқталғаннан кейін 50 мың тұрғын және 39 әлеуметтік нысан тұрақты су бұрумен қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа, жаңа абоненттерді қосу мүмкіндігі пайда болады. Қазіргі кезде станцияның жаңа ғимараты салынып жатыр.

Сол секілді электр желілерін қайта құру жобасы облыстың 6 ауданында және 31 елді мекенде іске асырылып жатыр. Жеке жоба аясында Оралда құны 3,5 млрд теңге болатын 165 км 0,4 кВ әуе желісін ауыстыру жоспарланған. Бұл электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, қала бойынша желілердің тозуын 5 пайызға және облыс бойынша 1,13 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Мәселен, 1962 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан және күрделі жөндеу көрмеген Круглоозерный кентіндегі электр желілерін жаңғырту ойластырылып жатыр. Бұл шара 700-ге жуық абонентті қамтып, оларды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етеді. Қайта құруға дейін бұл учаскеде жыл сайын 25-ке жуық өшіру тіркелген.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі Мирас Зеріпбаев ұлттық жоба аясында Батыс Қазақстан облысында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, батысқазақстандықтардың бірінші болып іске кіріскенін атап өтті.

- Мұндай ұлттық жоба елімізде алғаш рет жүзеге асырылып жатыр. Осыған орай электрондық платформаны іске қостық. Қазақстан бойынша құны 1,4 трлн теңге 500-ден астам жобаға өтінімдер берілді. Қазіргі таңда 512 млрд теңге тұратын 224 жоба сатып алудың әр түрлі сатысында. Яғни мердігерлер айқындалғаннан кейін тиісті іс-шаралар атқарылады. Батыс Қазақстан облысында биыл және келесі жылы 16 жоба жүзеге асырылмақ. Ұлттық жобаның негізгі бір ерекшелігі, қаржыландыру тетіктері әр түрлі. Мемлекеттік компания болса, құнды қағаздарын шығарғаннан кейін жергілікті әкімдіктерге «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» арқылы қаржы беріледі. Жеке меншік компания болса, нарықтық негізде банктен ала алады. Тарифке ыңғайлы болуы үшін субсидиялар да көзделген, - деді М.Зеріпбаев.

БҚО әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәйдің нақтылауынша, өңірде Ақсай қаласында жылу желілерінің тозуы – 14 пайыз, онда мәселе туындап отырған жоқ. Негізгі түйткіл Орал қаласында, өткен жылы ұлттық жоба қолға алынған кезде жылу желілерінің тозуы 54 пайыз болса, биыл 49 пайызға түсті. Енді 42-43 пайызға дейін төмендету жоспарда тұр.

- Бұдан былай жылу көзі – жылу-қуат орталығына екпін түсіретін боламыз. Қазіргі уақытта ұлттық жобаның екінші кезеңінде энергетика, су қыздыру қазандықтары және турбиналарды жаңғырту мақсатында жаңа жобалар ұсынып жатырмыз. Сол секілді су және кәріз құбырларының тозуы облыс орталығында 60 пайыз болса, ұлттық жоба аясында соны 50 пайызға төмендету көзделіп отыр. Республикадағы ең ұзын электр желілерінің бірі Батыс Қазақстанда, 20 мыңнан астам шақырымға жетеді. Бұдан үш жыл бұрын электр желілерінің тозуы 82 пайыз болса, қазір 75 пайыз. Бұл бағытта да екінші кезеңде алты жоба қолға алынып, Орал қаласы мен он екі ауданда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілетін болады, - деп қосты М.Мүлкәй.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда энергетика саласын жаңғырту бағытында не істеліп жатқанын жазған болатынбыз.