БҚО-да үш бірдей республикалық жолды жөндеу жалғасады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл үш бірдей республикалық жолды күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

 БҚО-да үш бірдей республикалық жолды жөндеу жалғасады

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің мәлім еткеніндей, Орал-Тасқала-РФ шекарасы бағытындағы күре жол «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қайта салынып жатса, сол секілді Чапаев-Жалпақтал-Қазталов, Қазталов-Жәнібек жолдары күрделі жөнделуде. Оған қоса жергілікті маңызы бар Ақсай-Жымпиты, Чапаев-Жаңақала, Орал-Кирсанов, Барбастау-Ақжайық-Индер және Үлкен Шаған-Переметный жолдары орташа жөндеуден өткізіледі. Бұған 6,7 млрд. теңге қаралып отыр. Сондай-ақ Орал қаласы көшелерінің жолдары мен депо маңындағы көпір жөнделеді.

«Жолды салған кезде қаржыландырумен бірге оның сапасына ерекше көңіл бөлеміз. Мысалы, өткен жылы 23,5 млрд. теңгеге 290 км астам жол жөнделді, бұл алдыңғы жылғыдан 5 млрд. теңгеге көп. Соның ішінде 10,8 млрд. теңгеге республикалық, облыс орталығында 4 млрд. теңгеге 22 км, аудандарда 2,5 млрд. теңгеге 30 км жол жөнделді. Бұдан бөлек Ақсай-Бөрлі жолының 24 шақырымын жөндеп, аяқтауға «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік жауапкершілігі аясында 3,5 млрд. теңге жұмсалды. Бұл - аталған компанияның облыстың әлеуметтік жобаларына жыл сайын бөлетін 20 млн. долларынан тыс қаржы. Осындай жұмыстар нәтижесінде төрт аудан орталығы - Қаратөбе, Шыңғырлау, Жаңақала, Переметный ауылдары Орал қаласымен арадағы қатқыл табанды жолға қосылды», деді өңір басшысы.