Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

БҚО-да ветеринариялық талаптың бұзылуына байланысты 18,4 тонна өнім кері қайтарылды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Ресеймен шектесетін «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде ветеринариялық талап бұзушылық анықталды.

БҚО-да ветеринариялық талаптың бұзылуына байланысты 18,4 тонна өнім кері қайтарылды
Фото: Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті БҚО аумақтық инспекциясынан

Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті БҚО аумақтық инспекциясынан мәлім еткеніндей, аталған бекетте 17 тамыз күні Ресейдің Калининград облысы, Невское ауылынан Өзбекстан астанасы Ташкент қаласына бағыт алған, сиыр етінен дайындалған салмағы 18,4 тонна гамбургер котлеттері тиелген жүк көлігіне ветеринариялық бақылау жүргізілді.

Құжаттамалық тексеру барысында ветеринариялық ілеспе құжаттардағы мәліметтерге сәйкес, жүк өндірушісінің ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің 2025 жылғы 23 ақпандағы № 17-02-10/497 хатына сәйкес термиялық өңдеуден өтпеген өнімдерді өндіретіні анықталды.

— Осыған байланысты аталған жүк шығу бағытына кері қайтарылды, ал жүргізушісіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабына сәйкес хаттама толтырылды. Жүк тасымалдаушысына «Еуразиялық экономикалық одақта ветеринариялық-санитариялық шараларды қолдану туралы» Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 317 шешімімен белгіленген ветеринариялық-санитариялық талаптар түсіндірілді, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жүк тасымалдаушыларға 6,3 млн астам теңге айыппұл салынғанын жазған едік.