БҚО-да заң бұзған құрылыс компанияларына 53 млн теңгеден астам айыппұл салынды

ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына өткен жылы 682, биыл 52 арыз-шағым түскен.

құрылыс
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Басқарма басшысы Азамат Ағелеуовтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, шағымдану себептері — құрылысқа бастапқы рұқсат құжаттардың болмауы, қабылданған нысандар сапасының төмендігі, орындалмаған жұмыс актілеріне құрылысқа қатысушы субъектілермен қол қойылуы және басқалар. 

Заңбұзушылық деректері бойынша басқарма өткен жылы жоспардан тыс 99 тексеріс жүргізіп, соны жоюға 69 нұсқама берілген.

«Басқарма тарапынан 155 әкімшілік іс қозғалып, 53 млн 686,193 мың теңге айыппұл салынып, соның 51 млн 871,493 мың теңгесі өндірілді. Соның ішінде 61-і әкімшілік сот органдарына жолданды. Мысалы, Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының 2023 жылғы 20 қыркүйектегі қаулысымен Д. Шайхиева ҚР Әкімшілік құқықбұзу кодексінің 319-бабы бойынша кінәлі деп танылып, И.Ружейников көшесі 9/1-мекенжайында заңсыз тұрғызылған көппәтерлі тұрғын үй мәжбүрлі түрде бұзылды. Оған қоса 51 750 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ осындай себеппен Бөрлі аудандық сотының қаулысымен Ақсай қаласы С. Датұлы 35/1-мекенжайында заңсыз тұрғызылған құрылыс мәжбүрлі түрде сүріліп тасталды» дейді А.Ағелеуов.

Азамат Мұратұлының сөзіне қарағанда, мердігер мекемелер — «НурТехСервис», «НұрҚұрылысБолашақ», «Жиенбай», «ПавлодарРечПорт», «Баймен», «РемСтрой», «KasProStroi», «СМУ ШЫГЫС» және «КомпанияНурайСтрой» ЖШС-ға әкімшілік шаралар қолданылған. 

Сол секілді ҚР Әкімшілік құқықбұзу кодексінің 317-1-бабы 2-бөлігіне сәйкес техникалық қадағалауды жүзеге асыратын «Нұрәлем-Құрылыс» ЖШС-не 1 млн 690,5 мың теңге, «Alem-11» ЖШС-не 2 млн 415 мың теңге айыппұл салынып, бұл мекемелер аккредиттеу куәлігінен айырылды. Осы кодекстің 317-1-бабы 1-бөлігіне сәйкес

«Стройинтеграция» салынатын кәсіпорындар дирекциясы» ЖШС-не 862,5 мың теңге, «Әсем-Құрылыс-Қызылорда» ЖШС-не 1 млн 207,5 мың теңге, «TN Stroy» ЖШС-не 1 млн 207,5 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. 

Ал сарапшы С. Яудинге 317-баптың 3-бөлігіне сәйкес 434,7 мың теңге айыппұл салынып, ол техникалық қадағалау жүргізу құқығына сарапшы аттестатының қолданысын алты ай мерзімге тоқтату түрінде әкімшілік жазаға тартылды. 

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, осы тұрғыда айта кететін жайт, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары техникалық қадағалау ұйымдарын аккредиттеу куәлігінен айырғанымен, бұл ұйымдар қайтадан аккредиттеу куәлігін алып, жұмыстарын жалғастыруда, яғни, заңмен белгілі бір талаппен шектеу қойылмаған. 

Тағы бір маңызды мәселе техникалық қадағалауды ұйымдастыруға байланысты. Мысалы, Е-құрылыс электронды порталына басқарма жүргізген мониторингке сәйкес «Нұрәлем-Құрылыс» ЖШС-сі қараша айындағы мәліметтер бойынша 211 нысанға мемлекеттік есеп тапсырған.

Бірақ комитет бекіткен техникалық сарапшылар тізілімінде аталған мекемеде небары 59 сарапшы (3-4 нысанға 1 сарапшы) бар екені анықталды.

Бұл техникалық сарапшы ұйымдары жұмысының сапасына тікелей әсер етеді.

Бюджет есебінен салынып жатқан нысандарды салу кезінде техникалық қадағалау бойынша жеңімпаз болған ұйым тапсырыс берушіге бұйрықпен техникалық сарапшыларын береді.

Алайда құрылыс-монтаж жұмыстары басталғаннан бастап нысанда өзге техникалық сарапшылардың жүретіні анықталып отыр. 

Яғни бұлар — құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің техникалық қадағалаушылар бойынша аккредиттелген сараптама ұйымдары тізіліміне енгізілмеген немесе өзге техникалық ұйым құрамындағы сарапшылар.

«Заңға сәйкес тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алу бойынша жеңімпаз болған техникалық ұйымның бұйрықпен берген сарапшыларының нысанда болуын қамтамасыз етуі тиіс. Егер де техникалық ұйым заңнамаға сәйкес сарапшыларын ұсынбаса, тұрақты түрде қадағалау жүргізілмеген жағдайда, тиісті белгі қойып, келісімшартты бұзу бойынша тиісті шаралар қабылдауы қажет немесе мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына шағымдануы керек. Алайда көпшілік жағдайда тапсырыс берушілерден шағымдар түспеуіне байланысты басқарма тарапынан тиісті шаралар қабылдау мүмкін болмайды. Басқарма мұндай жағдайда құрылыс нысандарына мониторинг жүргізу әдісімен өз қызметтерін атқарады. Биыл 52 арыз-шағымның 39-ы жеке, 13-і заңды тұлғалардан түскен. Соның негізінде жоспардан тыс 15 тексеріс тағайындалып, 8-і бойынша заңбұзушылықтар анықталуда. Тексерісі аяқталған актілер бойынша 11 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды. Соның ішінде бір әкімшілік іс сот органымен қаралып, 830,7 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады» деп түйіндеді сөзін А.Ағелеуов. 

Соңғы жаңалықтар