БҚО-да заңсыз орнатылған «Ұстаз және оқушылар» ескерткіші алынып тасталды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылында орнатылған «Ұстаз және оқушылар» ескерткіші алынып тасталды.

БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуанышбек Мұханғалиевтің мәлім еткеніндей, аталмыш ескерткіш 2020 жылы Сайқын ауылында М.Мәметова атындағы мектеп түлектерінің демеушілігімен 1,4 млн теңгеге орнатылған.

Оның сөзіне қарағанда, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тарапынан аудан әкімдіктеріне облыс аумағында ескерткіштерді заңсыз орнатудың алдын алу туралы бірнеше рет ескертпе хат жолданып, жиналыстарда ескертілген.

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының 2023 жылғы 28 сәуірдегі №23-32-28.193 тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі заңсыз орнатылған ескерткіштерге мониторинг жүргізу, түпкілікті шешім шығару (қалдыру, түзету не бұзу) мақсатында жұмыстар жүргізді.

Өткен жылдың 12-13 желтоқсан күндері облысқа республикалық комиссияның жұмыс тобы (С.Смағұлов, Б.Әлібай, Р.Әбенов) іссапармен арнайы келіп, Теректі және Бөкей ордасы аудандарына шығып, заңсыз орнатылған ескерткіштердің мәселесін, соның ішінде «Ұстаз және оқушылар» ескерткішін қарады.
«Комиссияның хаттамасына сәйкес «Ұстаз және оқушылар» ескерткішінің көркемдік тұрғыдан төмен деңгейде орындалғаны, пропорциялық өлшемдердің сақталмағаны анықталып, Бөкей ордасы ауданының әкімдігіне демонтаж жұмыстарын жүргізу ұсынылды. Биылғы 14 мамыр күні аудан әкімдігі республикалық комиссияның хаттамасын орындау, сондай-ақ аталған ескерткіштің келбетін эстетикалық-көркемдік талаптарға және пропорциялық өлшемдерін сәйкестендіру мақсатында демонтаж жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта аталған ұсынымдар толық орындалған жағдайда аталған ескерткішті заңнама аясында қайта орнату мүмкіндігі қарастырылатын болады», - дейді Қ.Мұханғалиев.
Оның айтуынша, елімізде монументтік өнер құрылыстарын орнату ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі №103 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Алдымен жеке және заңды тұлғалардың идеялық ұсыныстары БҚО әкімдігі жанындағы облыстық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияда қаралып, кейін министрлікке жолданады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі республикалық комиссияда (бұдан әрі - Комиссия) сарапталып, ресми орнатуға ұсынылады. Ең бастысы, ескерткіш жоғары идеялық және көркемдік талаптарға сай келуі керек.
«Бөкей ордасында заңға сәйкес келмейтін осындай тағы үш және Теректі ауданында екі ескерткіш бар. Олар да ретке келтірілетін болады. Қалған жерлерде біз заңға сәйкестендірдік. Ең алдымен ескерткіштердің эстетикалық келбетін дұрыстау керек. Бұл жерде мынаны түсінген жөн, аудандық әкімдік бар, жеке тұлғалар, сол мектептің түлектері бар, ортақ шешімге келіп, бәрін реттесе, комиссияда қарап, қайта орнатуға болады», - деді Kazinform тілшісіне Қ.Мұханғалиев.