БҚО-да заңсыз аң аулаған үш тұрғын сотталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында заңсыз аң аулаған үш тұрғын сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, биылғы 16 маусымда Бөрлі ауданы полициясы «Audi» автокөлігімен Кирсанов мемлекеттік қорықжайына барып, ерекше қорғалатын елік жануарын атып алған үш жігітті қолға түсірген.
Аудан прокуратурасы қылмысты дәлелдеп, соған орай сот отырысы барысында сотталушылар прокурормен процестік келісім жасауға ұсыныс берді.
Сот үкімімен Ақсай қаласының үш тұрғынына ҚР ҚК 337-бабы 4-бөлігі 1-тармағына сәйкес заңсыз аңшылық жасағаны 600 сағат түзеу жұмысы белгіленіп, 1,8 млн теңге материалдық шығын өндірілді. Сондай-ақ қару мен автокөлік қылмыс құралы ретінде мемлекет меншігіне тәркіленді.