БҚО-да заңсыз киік аулаған қылмыстық топқа қатысты іс сотқа берілді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Облыс аумағында ұзақ уақыт бойы заңсыз киік аулаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты іс сотқа берілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, құрамында алты адам болған топқа «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК қызметкері басшылық еткен. Ол жалпы қамқоршылық жасап, топтың қызметін үйлестіріп отырған.
Оған қоса киік мүйізін сатумен айналысқан тағы екі адам ұсталды.
Барлығы заңсыз киік аулаудың 11 дерегі дәлелін тапты. Мемлекетке 745 млн теңге залал келтірілген.
Айыпталушылардың мекенжайын тінткен кезде киіктің 288 мүйізі, 10 техника (6 джип, 4 қаршана), 5 аңшы мылтығы, 3,630 млн теңге, электронды таразылар, киіктің қаны мен мүйізінің бөліктерінің ізі қалған пышақтар мен қоларалар тәркіленді.
Еске сала кетейік, заңсыз киік аулаумен айналысқан аталмыш топ биылғы 19 маусымда Қазталов ауданында қолға түскен болатын.