БҚО-да заңсыз киік аулаған тұрғын қолға түсті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - 2 маусым күні сағат 11.00-12.00 шамасында Қазталов ауданы Әжібай ауылына қарасты «Мерәлі» қыстағының жанында заңсыз киік аулаған сол ауылдың Ж. деген тұрғыны қолға түсті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО-да заңсыз киік аулаған тұрғын қолға түсті

Аудандық ішкі істер бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, тексеру кезінде «Volkswagen Passat» автокөлігінің ішінен аңшылық қару, мүйізі кесілген 1 бас киіктің ұшасы және мүйізі табылып, тәркіленді.

Күні бүгін аталмыш тұрғынға қатысты ҚР ҚК 337-бабы 4-бөліміне сәйкес (заңсыз аңшылық) қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, «Қызыл кітапқа» енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған киіктер Батыс Қазақстанда негізінен осы Қазталов және Жәнібек аудандарын мекендейді.