01:10, 22 Желтоқсан 2016 | GMT +5
БҚО-да заңсыз киік аулаушыға сот үкімі шықты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында киіктерді заңсыз атып алған азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Р.Щербинин биылғы қыркүйек айында Тасқала ауданы Мереке ауылдық округіне қарасты Аққұс қыстағының маңында заңсыз бес киік атып алған. Көп ұзамай ол киіктердің тұтас етімен Тасқала ауылының тұсында ішкі істер органы мен прокуратура қызметкерлерінің қолына түсті.
Тасқала аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК 337-бабы 4-бөлімі 2, 4-тармақтарына сәйкес, Р.Щербинин айыпты деп танылды. Оған 3 жылға аң аулау құқығынан айырумен бірге 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
2 386,125 мың теңге материалдық залалдың толық көлемде өндірілуіне байланысты прокурормен айыпталушының кінәсін мойындау туралы процессуалдық келісім жасалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.