БҚО-да заңсыз киік аулаушылар ұсталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында заңсыз киік аулаумен айналысқан браконьер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдәхметтің Фейсбуктегі парақшасында жазғанындай, 22 шілде күні «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Батыс аймақтық филиалының инспекторлары Қазталов ауданы Тереңкөл ауылдық округінде 1982 жылғы И.М. деген азамат айдаған «Фольксваген Пассат» автокөлігін тоқтатты.
Тексеру барысында автокөліктен екі ұңғылы 12 калибрлі мылтық, 12 калибрлі 26 дана оқ-дәрі, 12 калибрлі 1 дана гильза, бір қолды ара және 4 дана киіктің мүйіздері табылды.
Аталмыш дерек Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінде тіркеліп, ҚР Қылмыстық Кодексінің 339-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.