БҚО-да жалған дәлел келтірген сот сарапшысы сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Орал қалалық соты Батыс Қазақстан облысы бойынша сот сараптамалары институтының сарапшысы М.Жонысовқа көрінеу жалған қорытынды бергені үшін үкім шығарды

с
Фото: freepik.com

Сарапшы өз қорытындысында марқұмның денесінде зақым жоқ екенін және мәйіттің шіріп кетуіне байланысты өлім себебін анықтау мүмкін еместігін көрсеткен.

Алайда денені эксгумациялағаннан кейін, Астана мамандары жүргізген комиссиялық сот-медициналық сараптама кезінде марқұмның тірі кезінде көптеген дене жарақаттарын алғаны, оның ішінде қабырға мен астыңғы жақ сүйегінің сынуы анықталды.

Айыпталушы кінәсін мойындамағанына қарамастан, мемлекеттік айыптаушы оның қылмысқа қатыстылығын растайтын дәлелдер ұсынды.

Сот бастапқы сараптама қорытындысының нақты деректерге сәйкес келмейтінін және тергеу органдарын адастырғанын анықтады.

М. Жонысов ҚР ҚК-нің 420-бабының 1-бөлігі бойынша — «Сарапшының, маманның көрiнеу жалған айғақтары» — кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл 2 ай 12 күн мерзімге бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Алматыда бюджет қаражатын жымқырған жеке сот орындаушысы сотталды.