БҚО-да жалған құжатпен Ресейге тауар әкетпек болған 7 жүк көлігі ұсталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жалған құжатпен Ресейге халық тұтынатын тауарлар әкетпек болған 7 жүк көлігі ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да жалған құжатпен Ресейге тауар әкетпек болған 7 жүк көлігі ұсталды

БҚО мемлекеттік кірістер департаментінен алынған мәліметке қарағанда, аталған автокөліктер «Сырым» автомобиль өткізу бекетінде 1-15 маусым аралығында тоқтатылған.

Департаменттің экспорттық бақылау қызметкерлері тексерген кезде ұсынылған электронды шот-фактуралардың электронды шот-фактуралар ақпараттық жүйесінде жоқтығы анықталды. Бұл деректер жүк жөнелтушінің нақты алынған табыстарды жасыру және салық төлеуден жалтару мақсатында қолдан жасалған құжаттарды жазып беру ниетінің болғандығын көрсетеді.

Алдын ала мәлімет бойынша тауардың жалпы құны 16 млн рубльден астам немесе 92,6 млн теңгені құрады.

Аталған дерек бойынша материалдар ҚР заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылдау үшін БҚО бойынша экономикалық тергеу департаментіне берілді.

Айта кетейік, осындай деректер мамыр айында да белгілі болған еді. «Сырым» автомобиль өткізу бекетінде жүктің жалпы құны 1 млрд теңгеден асатын жалған шот-фактуралары бар 14 жүк көлігі ұсталған еді.