БҚО-да жалған маркамен ішімдік сатқысы келген кәсіпорын директорының орынбасары сотталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жалған маркамен ішімдік сатқысы келген кәсіпорын директорының орынбасары сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, БҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті жалған есеп-бақылау маркалары бар алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың жолын кесті.

«АГИСА-3» ЖШС директорының логистика жөніндегі орынбасары өткен жылдың шілде айында «Максимус» ЖШС шығарған жалпы сомасы 6 млн теңгеге жалған есеп-бақылау маркалары бар 33 мың бөтелке түрлі алкоголь өнімін сатып алған. Содан кейін ол осы алкоголь өнімін Орал мен Ақсай қалаларының түрлі сауда орындарына сатқан. Осылайша «Этиль спирті мен алкоголь өнімінің өндірілу және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңы мен ҚР Салық кодексінің талаптарын бұзды.

Жедел іздестіру шаралары барысында аталған департамент қызметкерлері Орал мен Ақсай қалаларының бірқатар кәсіпорындары мен дүкендерінің қоймаларын тексерген кезде жалған маркалары бар 32615 бөтелке ішімдік табылды.

Орал қалалық сотының үкімімен кәсіпорын директорының орынбасары ҚР ҚК 233-бабы 2-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, бір жыл бойы кәсіпкерлік қызмет жасау құқығынан айырумен бірге оның 1 жылға бас бостандығы шектелді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қаржы пирамидасын құрған зергерлік салон анықталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар