БҚО-да жасөспірімнің өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды
ҚазАқпарат бұдан бұрын жазғанындай, Оралда жасөспірімнің өлімі бойынша 14 жастағы бала ұсталған болатын.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, қазіргі кезде ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігіне (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.
«Қылмыстық іс бойынша әлі де сараптама жүргізіледі. Аталған бап бойынша айыпты деп танылған адам мүлкi тәркiленіп немесе онсыз, сегіз жылдан он екі жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», деп хабарлады ведомстводан.
Оқиға 28 мамырға қараған түні Орал қаласына жақын орналасқан Бәйтерек ауданы Щапов ауылында болған. Соққы алған 15 жасар бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілгенмен, есін жимастан көз жұмды.