БҚО-да жастар саясатын жүзеге асыруға 369,1 млн теңге бөлінді

Оның айтуынша, Ақ Жайық өңірінде 14-29 жас аралығындағы 145 мыңнан астам жастар бар, бұл - облыс халқының 22,9 пайызы. Соның ішінде 22400-і төрт ЖОО-да оқиды. Биылғы түлектер саны 7,5 мыңнан асып отыр. Сонымен қатар 19886 жас арнаулы орта оқу орындарында білім алуда. «Мәңгілік ел жастары - индустрияға!» жобасы аясында 1246 жас оқып жатыр. Еш жерде жұмыс жасамайтын жастардың үлесі - үш пайыз, бұл республикадағы (орташа көрсеткіш - 9 пайыз) ең төменгі көрсеткіш болып табылады.
Батыс Қазақстанда 89 жастар бірлестігі (64-і Оралда, 25-і аудандарда) тіркеуден өтіп, соның ішінде 35-і белсенді қызмет атқаруда, Биыл әлеуметтік тапсырыс аясында 57 жоба (28-і жастар саясаты мәселелері басқармасы, 29-ы Орал қаласы мен аудандар әкімдіктері арқылы) жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері 4847 жас (847-сі - қоғамдық жұмысқа, 776-сы - кәсіби оқытуға, 112-сі - «Бизнес бастау» жобасына) жұмысқа орналастырылды.
Жастар тәжірибесі аясында 1035 жас еңбекке араласуға мүмкіндік алды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 405 жас маман ауылға жолданып, оларға 194,4 млн теңгені құрайтын көтермеақы төленді. 321 жас маман баспана сатып алу үшін 102,5 млн теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Сондай-ақ 841 жас «Жасыл ел» бағдарламасына тартылып, студенттік құрылыс отрядтарының 128 сарбазы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы құрылыс жұмыстарына атсалысуда.
Брифингте «Болашақ» корпоративтік қорының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Салтанат Тұманбаева 12 тамыз - Халықаралық жастар күні аясында Орал қаласында өткен «Ақжайық - фест» шарасы туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар қор қолға алған болашақ басқарушы кадрларды әзірлеу бойынша «Болашақ мансаптық өсім» атты жобаның мән-маңызын түсіндірді. «Бұл - бұрын-соңды болмаған жоба. Енді жастар өздерінің түйіндемелерін қорға жолдап, базаға тіркетіп, облыстағы бос жұмыс орындарын ұсынған компаниялармен тікелей байланыса алады», - деді С.Тұманбаева.
Облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев Орал қаласындағы үш күндік аймақтық саяси лагерьдің мақсат-міндеттері туралы айтып берді. «Жастар - Отанға!» атты алқалы басқосуға еліміздің батыстағы төрт облысынан (Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау) 120-ға жуық белсенді жас қатысты. Басты мақсат - Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген жұмыстарға жастарды тарту, қатыстыру болды», - деді ол.