БҚО-да жаз басталмай жатып 8 адам суға кетті
БҚО ТЖ департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашевтің мәлім еткеніндей, соның екеуі жасөспірімдер болып отыр.
Өткен жылы осы кезге дейін 9 адам суға кетсе, соның екеуі бала болған.
Жалпы, соңғы он жылда облыс аумағында 262 адам суға кеткен, соның 72-сі - балалар.
Ж.Жұмашевтің айтуынша, әрбір су айдынын қоршау немесе суға түскен әр адамға құтқарушыны бекіту мүмкін емес.
Бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы - қоғамда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және адамдарды, соның ішінде балаларды жүзуге үйрету.
«Облыс әкімдігінің қаулысымен су нысандарында адамдардың жаппай демалуына арналған 69 орын анықталса, күні бүгін 5 жағажай ғана тексеруге өтінім берді. Жағажайларды жауапты тұлғаларға бекіту жұмысы жалғасуда», деді Жасұлан Жұмашев.
Сонымен қатар биыл жыл басынан бері облыс аумағында 2 орман өрті (өткен жылы осы мерзімде - 2), 93 жану оқиғасы (92) тіркеліп отыр.
Қазіргі уақытта өрттің алдын алу бағытында департамент жергілікті полиция қызметімен бірлескен рейдтік шаралар өткізуде. Соның нәтижесінде 85 адамға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 336-бабына сәйкес хаттама толтырылып, екеуіне 367-бап бойынша 24050 теңге көлемінде айыппұл салынды.