БҚО-да жазғы демалыста 97 мыңға жуық оқушы жұмыс істемек

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жаз мезгілінде 97 мыңға жуық оқушы түрлі бағыттағы жұмыспен қамтылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да жазғы демалыста 97 мыңға жуық оқушы жұмыс істемек

БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, бұл – барлық оқушылардың 90,57 пайызы.

Оның айтуынша, соның ішінде 23 мыңнан астам шәкірт мектеп аумақтарын көгалдандыру, ағаш отырғызуға қатысса, 16 мыңға жуығы шығармашылық бағытта еңбектенбек. 6 мыңнан астамы спорттық-туристік, 51 мыңға жуығы зияткерлік бағыттағы жұмыстармен айналысады.

Жалпы, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға 45,111 млн теңге (өткен жылы – 38,426 млн) бөлінді.

-Облыста барлығы қала сыртында 20 лагерь болса, оның біреуі (Казталов ауданының «Алау» лагері апатты жағдайда) жұмыс жасамайды. Қалған 19 лагерьде 7 мыңға жуық, мектеп жанындағы тамақтануы ұйымдастырылатын 283 лагерьде 29 мыңнан астам оқушы демалмақ. Сондай-ақ тамақ ұйымдастырылмайтын 292 лагерьде 55 мыңға жуық, шатырлы лагерьлерде 2 мыңнан астам бала болмақ. Оған қоса жекелеген санаттағы 29 мыңға жуық оқушы демалыспен қамтылмақ, - дейді А.Мыңбаева.

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, білім сапасын арттыру, пандемия, шектеу шаралары кезінде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру мақсатында 1-8, 10-сынып оқушылары үшін 26 мамыр мен 17 маусым аралығында жазғы мектеп ұйымдастырылып отыр. Ондағы сабақ түрі: жобалық қызмет, зертханалық жұмыстар, таза ауадағы сабақтар. Үйге тапсырма берілмейді. Оқу пәндері бойынша сабақтың ұзақтығы – 40 минут, күніне 3-4 сабақ. Оқу процесін жүзеге асыру үшін волонтер студенттерді тартуға рұқсат етіледі.

Облыс бойынша биыл 379 мектепте барлығы 114 258 шәкірт оқу жылын аяқтады. Соның 5687-сі (2021 жылы – 5916) – мектеп түлкетері. 9250-і (2021 жылы – 8690) – 9 сыныпты бітірушілер. «Алтын белгіден» 316 (2021 жылы – 430), үздік аттестаттан 304 (2021 жылы – 185) түлек үміткер.

«Мектеп түлектерінің қорытынды аттестаттауы 27 мамырда басталады. 9 (10) сынып оқушыларының қорытынды бітіру емтихандары 28 мамыр мен 6 маусым аралығында өтеді», деді А.Мыңбаева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 4800-ден астам түлектің ҰБТ тапсыратынын жазған болатынбыз.