БҚО-да жазғы кафелер, барлық дүкендер ашылады
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 18 мамырдан бастап жазғы кафелер, барлық дүкендер ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес 18 мамырдан бастап жұмыс жасайтын нысандар белгілі болды.
Атап айтқанда, 30 орынға дейінгі ашық үлгідегі жазғы кафелер сағат 11.00-ден 20.00-ге дейін, ауданы 2 мың шаршы метрге дейінгі азық-түліктік емес дүкендер (барлық бағыттар) сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін, азық-түліктік емес базарлар сағат 09.00-ден 16.00-ге дейін, туристік компаниялар сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді.
Сондай-ақ барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды, эпидемияға қарсы іс-шараларды сақтай отырып, білім беру орталықтары, үйірмелер, балалар даму орталықтары (адам саны 10-нан аспауы тиіс) сағат 09.00-ден 16.00-ге дейін ашылады.
Спорт нысандары мен теннис кортында тек ашық алаңда спортшылар бола алады. Тек көрермендерсіз, 30 адамнан аспауы тиіс. Осы талап мәдениет нысандарында да сақталады.
Химиялық тазалау орындары сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді.
Ал 20 мамырдан бастап мектепке дейінгі балалар ұйымдарында жас ерекшеліктеріне қарай бір кезекші топтан ашылады. Мұнда да санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Медицина қызметкері балабақшаның барлық қызметкерлері мен балаларды таңертең сүзгіден өткізеді. Учаскелік педиатрдан денсаулық жағдайы туралы анықтамалары бар балалар қабылданады. Жіті респираторлық жұқпалар, басқа да жұқпалы ауру белгілері бар қызметкерлер мен балалар жіберілмейді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Ресейден келген түркістандық студенттен коронавирус табылғанын жазған болатынбыз.