БҚО-да желден 3 мектептің шатыры ұшып, электр бағандары құлады

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында дауылды жел мектептер мен тұрғын үйлердің шатырын ұшырып, электр бағандарын құлатты. ҚазАқпарат бұл туралы БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

БҚО-да желден 3 мектептің шатыры ұшып, электр бағандары құлады

28 маусым күні сағат 17.15-те Шыңғырлау ауданы Ақбұлақ ауылдық округі Тасмола ауылында екпіні секундына 16 метрге дейін жеткен жел орта мектептің 40 шаршы метр шатырын жұлып әкеткен. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 500 шаршы метр. Сонымен қатар 9 жеке үйдің шатырына ішінара зақым келді.

Ал 29 маусым күні сағат 15.50-де Ақжайық ауданы Базартөбе ауылында орта мектептің 180 шаршы метр шатыры сыпырылып түсті. 1976 жылы салынған қос қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 1100 шаршы метр. Сондай-ақ Базартөбе ауылдық округі әкімдігі ғимаратының (6 шаршы метр) және 12 жеке үйдің (30 шаршы метр) шатыры зақымдалды.

29 маусым күні сағат 17.12-де Сырым ауданында 16 электр бағаны құлап, соның салдарынан Қособа (126 абонент) мен Жырақұдық (108 абонент) ауылдары жарықсыз қалды. Қособада 5, Жырақұдықта 10 жеке үйдің төбелері бүлінді.

Сағат 13.00-де Тасқала ауданы Оян ауылында орта мектептің 70 шаршы метр шатыры жұлынды. 1974 жылы салынған қос қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 2195 шаршы метр.

Қазіргі таңда келтірілген шығын анықталу үстінде.

Еске сала кетейік, Батыс Қазақстанда ауа райына байланысты ескерту жарияланған болатын.