БҚО-да жемқорлыққа барған 30 мемқызметші жазаларын тартты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет қатарын бұған кір келтіретіндерден қалай арылтуға болады?
Тамыр-таныстықпен қызмет баспалдағымен көтерілетіндерге қалай тосқауыл қоюға болады? Сыбайлас жемқорлық көріністерінің қалай алдын алуға, оған төзбеушілікке жастарды қалай тәрбиелеуге болады? Міне, осындай мәселелер өңірлік кәсіпкерлер палатасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша өткен кәсіпкерлер форумында талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан сыбайлас жемқорлық жөнінен әлемде 168 елдің ішінен 123-інші орынды иеленеді. Дегенмен соңғы кезде оң өзгеріс байқалған (2014 жылы Қазақстан 140-ыншы орында еді). Сыбайлас жемқорлық көріністеріне салалық заңнамалардың жетілдірілмеуі, мемлекеттік және корпоративтік басқарудың толық ашық еместігі, лауазымды қызметкерлердің тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетуде тікелей байланыстылығы, олардың құқықтық мәдениетінің төмендігі әсер етуде.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы БҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы Данияр Тұрғанбаевтың айтуынша, қазіргі таңда тұрғындардың мемлекеттік қызметшілерге сыйлық беруге болмайтындығы жөнінде үгіт-түсінік жұмыстары белсенді жүргізілуде. Негізгі мақсат - мұндай тарту-таралғының сол адамның қызмет баспалдағымен өсуіне кедергі келтіретінін ұғындыру. Оған қоса сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоюдың бір жолы - жазалау шаралары. Осындай қадамға барған кез келген адам жазасыз қалмайды, заң алдында бәрі бірдей жауап береді. Мысалы, жыл басынан бері облыстық департаментпен мемлекеттік органдардың бес бірдей басшысы мен олардың орынбасарлары қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Соның екеуі - департамент басшылары (БҚО бойынша табиғи монополияларды реттеу мен бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы В.Разов пен БҚО бойынша тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы М.Арыспаев). Жыл басынан бері барлығы 39 адам сыбайлас жемқорлық жасағаны жөнінде күдікті деп танылса, соның 30-ы түрлі жазасын тартты. БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі анықтаған қылмыстар бойынша сот үкімдерімен салынған айыппұл көлемі 90 млн. теңгеге жетті. Мемлекеттік қызметшілердің заңсыз араласуынан кәсіпкерлерді қорғау департаменттің басым бағыттарының бірі болып табылады. Биыл осындай 8 дерек белгілі болып, 7 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Мұндай қылмысқа барған 4 лауазымды қызметкер жауапқа тартылып, айыптау үкімдері шығарылды.
Форумға қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында өз ой-пікірлерімен бөлісті, ұсыныстарын білдірді. Олар мемлекеттік құрылымдар мен қарапайым азаматтар бірлесіп қимылдаса ғана мұндай шаралардың пәрменділігін арттыруға болатындығын атап көрсетті. Мысалы, Үкімет қаулысына сәйкес биыл жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа жататын құқықбұзушылықты хабарлаған және соған қарсы іс-әрекет жасаған адамдарды ынталандыру ережесі енгізілді. Сөйтіп олар бір жолғы ақшалай сыйақы ала алады. Ең бастысы, қылмыстың қай түріне де мүлдем төзбеушілік танытса ғана қоғам алға баса алады.