БҚО-да жерді өз бетімен иеленгендерге 22 млн теңге айыппұл салынды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл жер заңдылықтарының сақталуына 238 тексеру жүргізіліп, 182 заңбұзшылық анықталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО жерді пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Салауат Нұрғалиевтің айтуынша, 2017 жылы жалпы көлемі 110,0 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік, жайылымдық және шабындық алқаптарға тексеру жүргізіліп, нәтижесінде жалпы көлемі 97,0 мың гектарды құрайтын 84 жер телімінің иесіне мақсатты пайдалану қажеттігі жөнінде нұсқамалар берілді. Басқарма пайдаланылмаған жер телімдеріне берілген нұсқамалардың орындалу мерзімі аяқталып, игерілмеген жағдайда жерді қайтару жөнінде сот органына жүгінеді. Бүгінгі күні жалпы көлемі 15,0 мың гектарды құрайтын 30 жер телімін мемлекет меншігіне қайтару жөнінде сот органының шешімдері шықты. 37,0 мың гектарды құрайтын 92 жер телімінің иесі басқарманың берген нұсқамасынан кейін одан ерікті түрде бас тартып, мемлекет меншігіне қайтарды. Бұдан бөлек 5,6 мың гектарды құрайтын 7 жер телімін мәжбүрлеп алу жөнінде талап-арыздар сотта қаралуда.
Қазіргі таңда басқарманың тексеру жұмыстарының нәтижесінде 52,0 мың гектарды құрайтын 122 ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылып отыр. Басқарма шаруа қожалықтарынан пайдаланылмаған жерлерді қайтару мәселесімен ғана айналыспайды, шаруашылықтарға жер телімін мақсатты игеруге түрткі болып, бизнесті жүргізуге ықпал ету жұмыстарын жүргізеді. Басқарманың заң бұзушылықты жою туралы берген нұсқамаларынан кейін көлемі 63,6 мың гектар жерді жер пайдаланушылар мен иелері игеруге кірісіп, ауыл шаруашылығы айналымына тартты.
Басқарма тарапынан жүргізілетін тексерулердің нәтижесінде анықталатын заңбұзушылықтың бірі - мемлекеттік жер телімін өз бетінше иеленіп алу. Биылғы тексерістердің нәтижесінде мемлекеттік жерді басып алу дерегі бойынша 71 жеке және заңды тұлғаға әкімшілік хаттамалар толтырылып, 22 млн теңге айыппұл салынды.