БҚО-да жеті мыңға жуық адам «Қазтест» сынағынан өтпек

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл 6 898 адам «Қазтест» сынағынан өтпек, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО-да жеті мыңға жуық адам «Қазтест» сынағынан өтпек

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Гүлнәр Әлжанованың айтуынша, «Қазтест» - мемлекеттік мекеме қызметкерлері ғана емес, барлық құрылымдарда қызмет ететін азаматтарға міндетті емтихан.

Рас, бұрын бұл сынақты тек мемлекеттік орган  қызметшілері тапсырып келген еді. 2016 жылы 23 желтоқсанда Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтегі жиын қорытындысына сәйкес арнайы хаттамалық тапсырма облыстарға берілді. Соған сәйкес 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап әр саланың мамандары үшін мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтайтын ұлттық стандарт бекітілді.

Осылайша, «Қазтест» сынағын тапсырудың барлық сала қызметкерлеріне міндеттелуі олардың мемлекеттік тілді білудегі жауапкершілігін одан сайын арттырып отыр. Бұл жұмыс республикада 2018 жылдан басталады. Батыс Қазақстан облысында 2017 жылы басталып, 7 131 адам «Қазтест» сынағынан өтті.
null 

Биыл  өңірде сынақ 5-17 ақпан аралығында өтеді. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде алғашқы күні 846 адам сынақ тапсырса, олардың саны бүгін де одан кем емес. Мысалы, мамандандырылған күзет қызметі, теміржол, қылмыстық-атқару жүйесі, басқарма-департаменттер, БАҚ-тан «Жайық Пресс» ЖШС қызметкерлері, 2029-әскери бөлімі мен Ұлттық ұлан жауынгерлері және басқалар сынақтан өтті. Олардың арасында өзге ұлт өкілдері де жоқ емес.

«Қазтест» сынағы Орал қаласында ғана емес, Жаңақала, Сырым, Жәнібек, Қаратөбе, Бөкей ордасы аудандарында да жалғасын табады.