БҚО-да жездесін өлтірген тұрғын 12 жылға бас бостандығынан айырылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жездесін пышақтап өлтірген тұрғын сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Амангелді Жақыпов ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылды.
Сотталушының іс-әрекеттерінде қылмыстардың қайталануы танылғандықтан, оған 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді.
Аталмыш соттан түскен мәліметке қарағанда, А.Жақыпов Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылы Исатай көшесі №68 үйде апа-жездесімен бірге тұрған.
18 шілде күні сағат 02.30 шамасында арақ ішкен мас күйінде жездесі Е.Оспановпен сөзге келген. Ақыры онымен төбелесіп, қасақана қазаға ұшырату мақсатынан аулаға кіреберіс есікті көше жақ бетінен тіреп тұрған Е.Оспановтың артынан қуып жеткен. Сосын есікті күшпен итеріп ашып, оң қолындағы пышақпен кеуде тұсынан бір мәрте соққы жасаған. Марқұм оқиға орнында көз жұмғаннан кейін бой тасалаған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын осы сотта танысын пышақтап өлтірген әйелге қатысты үкім шыққанын жазған болатынбыз.