БҚО-да жоғалған бала түнде шөптің ішінде ұйықтап қалған

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында түнде жоғалған 11 жасар бала таңмен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да жоғалған бала түнде шөптің ішінде ұйықтап қалған

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Нұрғожиннің мәлім еткеніндей, оқиға Бәйтерек ауданы Дариян ауылында 14 мамыр күні болды.

Осындағы орта мектептің 5-сыныбында оқитын, биыл күзде 12-ге толатын Руханият Махамбетұлы шамамен сағат 22.30-да А.Пушкин көшесіндегі үйінен шығып кеткен.

«Ата-аналар өздігінен таба алмаған соң, таңғы сағат 04.00-де полицияға жүгінген. Бұрын бала үйінен кетпеген. Оны іздестіруге Приурал полиция бөлімінің жеке құрамы, шекарашылар және өрт сөндірушілер жұмылдырылды. Баланы полиция қызметкерлері таңмен сағат 05.00-де тапты. Ол жаураған соң шөпке оранып ұйықтап қалған», деді Б.Нұрғожин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да хабарсыз кеткен 17 жастағы бозбала іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз.