БҚО-да жоғалып кеткен ер адамның да мүрдесі табылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін сағат 11.30 шамасында Қаратөбе ауданы Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Үркіш қыстағынан 4 шақырым жерден ер адамның мүрдесі табылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Аудандық ТЖ бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау майоры Мэлс Ысқақовтың айтуынша, Н. есімді ер адам 1981 жылғы болса, бұдан бұрын мүрдесі табылған Ә. есімді әйел 1973 жылы дүниеге келген. Олар 14 ақпан күні Қаратөбе ауылынан 14 шақырым жердегі Үркіш қыстағынан шығып, содан жоғалып кеткен еді. Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Алтай Болатұлы бастаған, құрамында кинолог бар топ Оралдан арнайы барып, іздестірген болатын.
Марқұмдардың денелері сот-медициналық сараптамаға жіберіледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 1 ақпан күні Ақжайық ауданында Жаңабұлақ ауылдық округінің боранда үсіп кеткен 1966 жылғы тұрғынының денесі табылған болатын.