БҚО-да жол апатынан құрбан болғандар саны төртеуге жетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 2 маусым күні сағат 18.40 шамасында Орал-Ақсай күре жолының 77-шақырымында (Бөрлі ауданында) қос бірдей «Фольксваген Шаран» автокөлігінің соқтығысуынан болған ірі жол апаты салдарынан тағы бір адам көз жұмды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жүргізушінің бірі автокөлік руліне ие бола алмай, қарсы бетке шығып кетіп, екінші көлікпен түйісуге жол берген. Жантүршігерлік жол апатынан үш адам қаза тапса, тоғызы түрлі жарақатпен Ақсай қаласы мен Теректі ауданы орталығы Федоров ауылындағы аудандық ауруханаларға жеткізілген. Содан кейін сағат 22.55-те зардап шеккендердің бірі, 1975 жылғы әйел көз жұмған.
Аталған дерек ҚР ҚК 345-бабы 4-бөліміне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, аталмыш оқиға туралы бұдан бұрын «ҚазАқпарат» хабарлаған болатын .