БҚО-да жол апатынан үш адам жарақат алды

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Батыс Қазақстан облысында жол апатынан үш адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Жол-көлік оқиғасы 26 қараша күні кешкісін Орал-Атырау күре жолы бойында, қалаға қарасты Круглоозерный мен Серебряков кенттерінің аралығында болды.

Toyota Yaris мен Lada Granta көліктері соқтығысқан. Соның салдарынан Lada Granta жолдан ұшып кеткен. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, осы маңда көлік кептелісі де орын алды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, жедел жәрдемге сағат 18.13-те қоңырау шалынған. Оқиға орнына бригада он минуттан кейін жеткен.

«Қалалық көпбейінді ауруханаға үш ер адам жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша 41 жасар ер адам жабық бас-ми жарақатын алған, шеке тұсы көгерген. 43 жасар ер адамның қабырғасы сынған. 44 жасар ер адамның тізесі мен қабырғасы сынған», - деді А.Сақпосынова.

Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Айта кетейік, БҚО ТЖ департаменті хабарлағанындай, көктайғаққа байланысты Орал-Атырау жолы 26 қараша күні түнгі сағат 00.30-да жабылып, 09.10-да қайта ашылған болатын.

Соңғы жаңалықтар