БҚО-да жол апатынан жүргізуші мерт болып, 3 адам жарақат алды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жол апатынан бір адам қаза тауып, үшеуі жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО-да жол апатынан жүргізуші мерт болып, 3 адам жарақат алды

БҚО полиция департаментінің баспасөз хатшысы Болатбек Белгібековтің айтуынша, оқиға кеше Бөрлі ауданында болған. Ақсай-Жымпиты жолының 57-шақырымында «ВАЗ-2107» және «ВАЗ-21014» автокөліктері соқтығысты.

Салдарынан «ВАЗ-21014» автокөлігінің жүргізушісі көз жұмды.

«Барлық сараптама тағайындалды. Қорытындысы кейін хабарланады», - дейді Б.Белгібеков.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың сөзіне қарағанда, жедел жәрдем сағат 19.07-де шақырылып, бригада 10 минуттан кейін жетті.

Жиырма алты жастағы жігіт оқиға орнында қаза тапты.

Алдын ала мәлімет бойынша, жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған 23 жастағы жігіт, 1986 және 1960 жылы туған ер адамдар аудандық ауруханаға жатқызылды.