БҚО-да жол ережесін 61 рет бұзған өзбекстандық ұсталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жол ережесін 61 рет бұзған Өзбекстан азаматы ұсталды, ол 1 млн теңгеден астам айыппұл төлейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, әкімшілік құқық бұзушылық істері бойынша жазаның бұлтартпау қағидатын қамтамасыз ету мақсатында Орал қаласында 7-30 маусым аралығында республикалық «Борышкер» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр.
«Соның барысында өзбекстандық азаматтың жол қозғалысы ережесін 61 рет бұзып, 1 млн 173 мың теңге айыппұл «арқалағаны» анықталды. Аталған жүргізуші айдап келе жатқан Ресей Федерациясында тіркелген «ВАЗ-2110» автокөлігі тоқтатылып, арнайы айыптұраққа қойылды. БҚО полиция департаменті жүргізушілерге жол қозғалысы ережесін қатаң сақтап, айыппұлдарын уақтылы төлеу керектігін еске салады», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жарық сөніп, бағдаршам істен шыққанда полицей көліктерге газетпен бағыт бергенін жазған болатынбыз.