БҚО-да жолды қысқы күтіп ұстауға арналған техниканың 92 пайызы жарамды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 349 шақырым болса, соның 1 032 шақырымына «ҚАЖсервис» ЖШС БҚО филиалы күтіп ұстау жұмыстарын жүргізеді. Аталмыш жолдардың 245 шақырымы күрделі жөнделіп жатса, 72 шақырымы қайта құрылуда.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Асылбек Марданның мәлім еткеніндей, биыл күтіп ұстау жұмыстарына 2,9 млрд теңге бөлінді.
Оның сөзіне қарағанда, автожол желісіне қызмет көрсету үшін «ҚАЖсервис» мердігер ұйымында 4 жол пайдалану бөлімі, 3 жол пайдалану пункті және 105 жол техникасы бар.
Облыстың Подстепный, Тасқала, Жымпиты, Чапаев, Тайпақ және Жалпақтал ауылдарында 38 төсек-орынға арналған 6 жылыту пункті және қысқы күтіп-ұстауға арналған 6 гараж, химиялық реагенттерді сақтауға арналған 3 құм базасы, 6 қойма дайындалды.
««ҚАЖсервис» ЖШС БҚО филиалында қысқы күтіп ұстауға арналған 76 техника болса, күні бүгін соның 70-і немесе 92 пайызы жарамды күйде. 6 техника жөндеуді қажет етеді, осы кезге дейін қажетті қосалқы бөлшектердің барлығы алынды. Техникаларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», деді А.Мардан.
Филиал директорының айтуынша, қысқы күтімге қажетті 25 мың тонна көктайғаққа қарсы материалдар дайын. Жыл басынан бері жолдарды күтіп ұстауды қамтамасыз ету үшін 30 арнайы техника жаңадан алынса, соның 20-сы – арнайы әмбебап жол машинасы (16 «КамАЗ», төртеуі «Шахман»), бесеуі – автогрейдер, бесеуі – тиегіш.
А.Марданның мәлімдеуінше, жыл соңына дейін күрделі жөнделіп жатқан республикалық маңызы бар Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы және Өнеге-Бисен-Сайқын жолы (жалпы ұзындығы 245 шақырым) пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар 72 шақырым Подстепный-Теректі-РФ шекарасы (0-36, 108-144 км) жолында қайта жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл асфальт жамылғысының төменгі қабатымен қозғалыс ашылады. Жоба бойынша жұмыстарды алдағы жылдың мамыр айында аяқтау көзделуде.
Оған қоса Самара бағытындағы РФ шекарасы-Шымкент жолы (0-16 – көпір өткелі, 330-369 км) және Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылына кіреберіс жол (0-21 км) орташа жөндеуден өткізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда топырақ үстіне асфальт салынып жатқанына байланысты әкімдік жауап бергенін жазған болатынбыз.