БҚО-да жыл басынан бері 30,4 млн астам теңгенің жалақы берешегі өтелді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері прокуратура органдарының араласуымен 30 млн 453,9 мың теңгенің жалақы берешегі өтелді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО-да жыл басынан бері 30,4 млн астам теңгенің жалақы берешегі өтелді

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, мысалы, Бөрлі ауданы прокуратурасының ұсынысымен «Транспортник» ЖШС-ның 43 қызметкерге 2016 жылдың сәуір-қазан айларында қордаланған 15 млн теңге еңбекақы қарызы өндірілді. Аталған кәсіпорынға БҚО бойынша еңбек инспекциясы басқармасы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 87-бабы 1-бөлігіне сәйкес 226,9 мың теңге көлемінде айыппұл салды.

Осылайша, жыл басынан бері шаруашылық жүргізу құқығындағы «Горкомхоз» МКК, «Ассаб» ЖШС және басқа кәсіпорын-мекемелерде жұмыс жасайтын барлығы 177 қызметкердің конституциялық құқығы қорғалды.