БҚО-дағы ауылда тұрғын үйдің мемлекет есебінен сапасыз салынып жатқаны рас па

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында тұрғын үйдің мемлекет есебінен сапасыз салынып жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.

БҚО-дағы ауылда тұрғын үйдің мемлекет есебінен сапасыз салынып жатқаны рас па
Фото: Алмагүл Иқсанова

Қоғам белсендісі Алмагүл Иқсанованың мәлім еткеніндей, Тайпақта бой көтеріп жатқан тұрғын үйдің қабырғасы жұп-жұқа, кірпіштің арасынан көше көрініп тұр.

— Мұндай үйді кім қабылдап алады? — дейді А.Иқсанова.

Аталмыш мәселені Kazinform тілшісі Ақжайық ауданы әкімдігінен анықтаған еді. 

Әкімдіктен түскен мәліметке қарағанда, бейнежазбада көрсетілген тұрғын үй жергілікті атқарушы органның бюджет қаражаты есебінен салынбаған және оның тапсырысы бойынша тұрғызылмаған. Аталған тұрғын үй жеке тұлғаның жеке меншігі саналады.

2026 жылы Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үйлер сатып алу жоспарланған.

Тұрғын үйлерді сатып алу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алудың веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Конкурсқа өз қаражаты есебінен тұрғын үй салып, техникалық ерекшелік талаптарына сәйкес келетін тұрғын үйлердің меншік иелері өздерінің баға ұсыныстарымен қатыса алады.

Техникалық ерекшелік талаптарына сәйкес бір тұрғын үйдің жалпы ауданы кемінде 60 шаршы метр болуы тиіс.

— Тұрғын үйдің қабырғалары керамзит блоктан, экоблоктан немесе силикат кірпіштен салынуы қажет. Егер тұрғын үй керамзит блоктан немесе экоблоктан тұрғызылса, оның сыртқы қабырғалары міндетті түрде жылу оқшаулағышпен және кірпішпен қапталуы тиіс. Сонымен қатар тұрғын үй барлық инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым желілеріне толықтай қосылған болуы қажет, — делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тұрғындардың кәріз суының жертөлеге құйылып жатқанын айтып шағымданғанын жазған едік.

Сондай-ақ Орал тұрғындары жаңбыр жауған сайын көшенің суға толатынын айтты.