БҚО-дағы су тасқынының зардаптарын жою үшін бөлінген ресурстардың пайдаға асырылуы қоғам үшін ашық болуы тиіс - К.Мәсімов
ОРАЛ. 18 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/ - Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынының зардаптарын жою үшін бөлінген ресурстардың пайдаға асырылуы қоғам үшін ашық болуы тиіс. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бүгін Орал қаласында көшпелі кеңес барысында мәлімдеді.
«Ұлттық компаниялар мен республикалық бюджеттен бөлінген бұл қаражат қандай да бір сұрақтар туындамауы үшін қоғам үшін ашық болуы тиіс», - деді К.Мәсімов.
«Өмірзақ Естайұлы (Шөкеев), барлық үйлер тапсырылып, адамдар ол үйлерге көшіп алмайынша бұл мәселені бақылауда ұстау қажет», - деп тапсырма берді Премьер-Министр өзінің бірінші орынбасарына.
Кеңес барысында осыған дейін Ө.Шөкеев хабарлағандай, нақтыланған мәліметтер бойынша, қазіргі күні су тасқынының зардаптарын жою үшін 17 млрд. 372,8 млн. теңге қажет. Қаржыландыру республикалық бюджеттің резервінен, сонымен қатар ұлттық компаниялардың, Астана мен Алматы қалалары, облыстардың әкімдері көрсетіп жатқан материалдық көмек есебінен жүзеге асырылуда.
Ө.Шөкеевтің айтуынша, ұлттық компаниялар тарапынан 5 млрд. теңге, әкімдіктер тарапынан 1,5 млрд. теңге бөлінді. 2,9 млрд. теңгенің қосымша демеушілік көмегі түсті, оның ішінде «ҚазМұнайГаз» - 900 млн. теңге, ҚТЖ - 400 млн. теңге, «ҚазТрансГаз» - 1 млрд. теңге аударды.
Ө.Шөкеев атап өткендей, облыстың зардап шеккен аудандары мен Орал қаласында үйлер мен инженерлік желілерді салу жұмыстары басталды, мердігерлер құрылыс жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанша, ал Орал қаласында жылыту маусымы басталғанша аяқтауға міндеттеніп отыр.