БҚО-дағы сыбайлас жемқорлықпен күресте нәтиже бар

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес саясаты өз жемісін беріп келеді. Бұл туралы Достық үйінде аталмыш індетпен күрес пен оның алдын алу мәселелеріне арналған семинарда айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО-дағы сыбайлас жемқорлықпен күресте нәтиже бар

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті мен Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы арасында биылғы сәуір айында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылып, бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Соған сәйкес ұйымдастырылған семинарда облыстық ассамблея төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті бірлесе отырып, қалыптастыру қажеттігін атап өтті.


ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы Біржан Хайруллиннің мәлім еткеніндей, соңғы екі жылда Қазақстанда жемқорлық деңгейін төмендету бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Бұл ең алдымен 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына негізделген  сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатының жүргізілуіне байланысты. Соған сәйкес 2015 жылдың өзінде жемқорлық көріністерін болдырмауға бағытталған алпыстан аса заң қабылданды. Өткен жылдан бастап мемлекеттік қызмет жаңа қалыпқа көшті. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметке қайтып келушілердің саны үш есе артса, кадрлардың алмасуы екі, басқа жұмысқа ауысу он сегіз есе  азайды. Әкімшілік және құқық қорғау қызметтерінің стандарттарын жақындату бойынша елеулі жұмыстар жасалды. Өткен жылдың желтоқсанынан бері құқық қорғау органдарына жұмысқа тұруға үміткерлер әуелі агенттікте іріктеуден өтуде. Іріктеу барысында олар тестілеуге қатысады, сондай-ақ болашақ қызметкердің жеке қасиеттері де ескеріліп, бағаланады.


Сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендегенін әлеуметтік сауалнамалар да көрсетіп отыр. Бұдан үш жылғы нәтижелермен салыстырғанда, сыбайлас жемқорлықпен күресте алға басушылықты байқаған азаматтардың үлесі екі есеге артса, пара берушілер саны төрттен бірге қысқарды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тапсырысы бойынша жүргізілген «Іскерлік ахуалы - 2016» зерттеуі де оң нәтиже көрсетті. Мысалы, сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 70 пайыздан астамы еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаны оң бағалаған. Олардың пікірінше, жемқорлық деңгейін төмендету үшін жазаны қатаңдату, мемлекеттік қызметті толық автоматтандыруға көшіріп, мемлекеттік қызметшілерге қаржылық бақылау шараларын күшейту керек. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе күллі қоғамның белсене араласуына байланысты. Сондықтан қазіргі таңда параны бермеу және алмау жөніндегі түсінік-қағиданы қоғамдық санаға жаппай енгізуге ұмтылыс жасалуда. Бұл ретте азаматтық қоғамның ықпалы ерекше рөл атқарады. Айталық, өткен жылдан бері үкіметтік емес ұйымдармен бірге «Азаматтық бақылау» және 40 мың ұйым мен 60 мыңдай  адамның басын біріктірген «Ашық келісім» жобалары жүзеге асырылуда. Осы орайда жастармен жұмыс ұмыт қалмақ емес. Агенттік бастамасымен оқушылардың тәрбие жұмыстары туралы тұжырымдама бекітілді. Осыған орай ел мектептерінің тоқсан пайызында «Адал ұрпақ» еріктілер клубы құрылып, 750 мыңдай оқушы мүшелікке тартылды. Жоғары оқу орындарында да осындай жұмыстар жүргізілуде.

Жиында сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен сыбайлас жемқорлыққа барған  11, биыл 3 адамның партия қатарынан шығарылғанын жеткізді.

Семинарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, тиісті заңнамаларды түсіндіруге  бағытталған осындай шараларды жиі өткізу қажеттігі айтылды.