БҚО-дағы тәртіптік кеңес екі бірдей лауазымды қызметкерді жұмысынан босату жөнінде ұсыныс жасады

Алдымен Орал қаласы прокуратурасының ұсынысына сәйкес БҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Берікболат Нұржановтың мәселесі талқыға түсті. Тексеру нәтижесінде белгілі болғанындай, құрамында департаменттің бөлім бастығы Ж.Иманқұлова, бас мамандары Г.Өмірзақова мен М.Құсайынова бар комиссия азаматша С.Нұрулинаның үшінші топтық мүгедектігін алып тастаған. Сарап қорытындысымен келіспеген С.Нұрулина сотқа шағымданып, өзінің мүгедектігін қалпына келтірген. Осыған байланысты департамент директоры аталған үш қызметкерге тәртіптік жаза қолданғанымен, 1,5 ай жарым уақыт өткеннен кейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басқармасымен келіспестен, оны есептен мерзімінен бұрын алып тастаған. Сол себепті Б.Нұржановқа Ар-намыс кодексіне сәйкес сөгіс беру жөнінде ұсыныс жасалды.
БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Зеленов ауданына қарасты Макаров ауылдық округінің әкімі Вячеслав Қамашевтің ісін тәртіптік кеңеске ұсынды. Тергеуалды тексеріс ауыл әкімінің өз ұлын жүргізуші ретінде жұмысқа алып, биылғы 1 ақпан мен 30 маусым аралығында оған жалақы төлегендігін анықтады. Шын мәнісінде ол бұл жұмысты атқармаған әрі қызметтік автокөлік өткен жылдың желтоқсанынан бері сынған күйінде қозғалмаған. Сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқықбұзушылыққа барғаны үшін В.Қамашевті қызметінен босату ұсынылды.
БҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы Январцев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме директорының орынбасары Артур Жұмағазиевтің қызметінен заңбұзушылық тапқан. Атап айтқанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақта тәртіп бұзған азаматтар тиісті әкімшілік жазаға тартылмаған. Сөйтіп оларға заңсыз артықшылық көрсетілген. Сондықтан А.Жұмағазиевті де қызметінен босату туралы ұсыныс берілді.
Азаматтардың арыз-шағымдарына уақтылы жауап беру - мемлекеттік қызметкерлер үшін өте маңызды мәселе. Бұған уақ-түйек жайт ретінде қарауға болмайды. Өйткені «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы» арнайы заң бар, оның бабына іліксең, тәртіптік кеңестің алдына келесің. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша басқармасы Қазталов ауданында тексеру жүргізген кезде бірқатар кемшіліктердің бетін ашты. Соған байланысты аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Қадырбек Мұқанов пен жер қатынастары бөлімінің бастығы Роллан Сарбөпинге Ар-намыс кодексіне сәйкес ескерту берілетін болды.