19:41, 25 Ақпан 2023 | GMT +5
БҚО-дағы тікұшақ апаты бойынша тергеу жалғасып жатыр - ТЖМ
АСТАНА. ҚазАқпарат – Төтенше жағдайлар министрлігінің Батыс Қазақстан облысындағы бөлімшелері оқиға орнында жұмыс істейтін комиссия мүшелері үшін жылжымалы жылыту пунктін ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ, комиссия мүшелерін оқиға орнына жеткізу үшін Батыс Қазақстан облысы ТЖД-нің «Трэкол» автомобилі жұмылдырылды. Тікұшақтың сынықтары мен бөліктерін сақтауға арналған қоймалар және ангарлар іздеу, оларды жүк автотехникасы мен крандарды тарта отырып жеткізуді қамтамасыз ету мәселелері пысықталды.
Оқиғаның мән-жайын тергеумен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің қызметкерлері және ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері айналысып жатыр. Сондай-ақ, тікұшақты шығарған зауыт өкілдері де жұмылдырылған.