БҚО-дан Сенат депутаттығына кандидаттар сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Сенат депутаттығына үміткерлер анықталып, сайлау алдындағы үгіт жұмыстары жүргізілуде. 

БҚО-дан Сенат депутаттығына кандидаттар сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізуде

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның айтуынша, облыстан депутаттыққа үміткер ретінде 5 адам өзін-өзі ұсынды. Сенат депутаттығына кандидаттардың ұсынған құжаттарын олардың Конституцияның және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 73-бабының талаптарына сәйкестігін тексере келе, облыстық сайлау комиссиясы Батыс Қазақстан облысынан Сенат депутаттығына кандидат ретінде Нариман Төреғалиевті, Валерий Голоухов пен Нұржан Сертековті тіркеді. Ал Марат Әбдірахманов пен Қазыбай Бозымов өз өтініштерімен кандидатураларын алып тастады.

«27 маусымға дейін үгіт жұмыстары жүргізілетін болады. Ол үшін таңдаушылармен кездесу өткізу кестесі бекітілді. Күнтізбелік жоспарға сай бұқаралық ақпарат құралдарында облыстық сайлау комиссиясының құрамы, тіркелген кандидаттар туралы мәліметтер жарияланды. Жуырда Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменнің қатысуымен облыстық семинар-кеңес өтіп, оған аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, қалалық, аудандық мәслихаттардың хатшылары, қалалық учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары қатысты. 28 маусым күні барлық өңірдегі секілді, Батыс Қазақстанда да облыстық мәслихат сессиясы өтіп, сайланған депутаттың есімі белгілі болады», - деді Ғайса Қапақов.