БҚО-дан үздік сегіз шығарма республикалық кезеңге жолданбақ
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы Достық үйінде «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» тақырыбында мемлекеттік тілде өткізілген жалпыреспубликалық шығармалар байқауының облыстық кезеңі қорытындыланып, үздік сегіз жұмыс белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Жамал Ихсанованың айтуынша, «Ұлы дала елі - Тәуелсіздіктің 25 негізі» республикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, жас ұрпақтың бойында елге деген мақтаныш пен отаншылдық сезімін ұялату мақсатында ұйымдастырылған байқауға барлығы 164 адам қатысты. Негізінен жоғары сынып оқушылары мен студенттер болғанымен, олардың арасында қарапайым тұрғындар да бар. Олар мемлекеттік тілді тым-тәуір меңгергендігін көрсетті. Мысалы, «Орал «Сервис» технологиялық колледжінде 27 ұлттың өкілі оқыса, олардың дені қазақ тілін жақсы біледі.
Қазылар алқасының шешімімен сегіз үздік жұмыс анықталып, жүлдегерлер «Қоғамдық келісім» мекемесінің алғысхаттарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
БҚО білім басқармасының бас маманы Ләззат Дүйсенбаева биылғы шығармалардың жалпы деңгейі жоғары екендігін атап өтті.
«Мен қазақ жерінде, атап айтқанда, Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында дүниеге келгенімді мақтан тұтамын. Кішкентайымнан қазақ балаларымен бірге ойнап өскендіктен, мемлекеттік тілді меңгеру қиынға түскен жоқ. Жалпы, бәрі ниет-тілек, құлшынысқа байланысты. Қазір өзім біліп алып жатқан «Орал «Сервис» технологиялық колледжінде де түрлі ұлт өкілдері, бәріміз бірге жүреміз. Аталмыш байқауда жүлдегерлер қатарынан көрінгеніме қуаныштымын. Енді Астанада өтетін қорытынды кезеңге қатысып, бүкіл Қазақ елі мақтаныш тұтатын елорданы көрсек, тіпті керемет болар еді», - деді Екатерина Вологина.
Айта кетейік, аталған сегіз үздік жұмыс Астанада өтетін республикалық кезеңге жолданбақ.