БҚО денсаулық сақтау басқармасы республикалық рейтингте бірінші орынды иеленді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО денсаулық сақтау басқармасы 2016 жылдың қорытындысы бойынша денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы жариялаған рейтингте бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы республикалық рейтингте бірінші орынды иеленді

Басқарманың баспасөз хатшысы Флюра Саматованың айтуынша, өңірлерді денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштері бойынша бағалаған. Соның ішінде адам өмірінің ұзақтығы, түрлі аурулардан өлім-жітімнің, аналар мен сәбилер өлімінің төмендеуі, дәрігер кадрлары тапшылығының шешілуі, медицина мекемелері қызметінің тиімділігі және басқалар бар. Осылайша, даму көрсеткіштері бойынша БҚО көш бастаса, СҚО екінші, Қызылорда облысы үшінші орынға көтерілген.
null  

Айта кетейік, облыстық денсаулық сақтау басқармасы соңғы жылдары дәрігер тапшылығын шешу мақсатында нақты жұмыстарды жүргізіп келеді. Биылдың өзінде басқарма өкілдері  Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің 200-ден астам бітірушілерімен кездескен. Соның нәтижесінде облысқа 80 маман келеді деп күтілуде. Олардың арасында 45 жалпы тәжірибе дәрігері, 6 терапевт, 8 хирург, 12 қоғамдық денсаулық сақтау маманы бар. Оған қоса акушер, гастроэнтеролог, уролог, лор, кардиолог, анестезиолог келмекші. Олар бірінші кезекте ауылдық жерлерге, содан кейін емханаларға, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мен жұқпалы аурулар ауруханасына, кардиологиялық орталыққа жіберіледі.
null  

Алдағы уақытта еліміздегі басқа да медициналық ЖОО түлектерімен сөйлесіп, келісім жұмыстарын жүргізу көзделуде.

Қазіргі таңда облыста 1586 дәрігер жұмыс жасайды. Барлығы 55-тей дәрігер жетіспейді. Аталған мамандар келген жағдайда бұл тапшылық жойылады деп жоспарлануда.
null