БҚО: Деркөл-Тасқала гидробекетінде су қауіпті деңгейге жақындады
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметі бойынша Деркөл-Тасқала гидробекетінде су қауіпті деңгейге жақындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
9 сәуір күні сағат 21.00-де осы тұстағы су деңгейі 458 сантиметрге жеткен. Қауіпті деңгей - 500 см.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялады. Қазіргі кезде тиісті шаралар қолға алынуда.
Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиевтің айтуынша, түнгі салқындық жерді қатырып жатқандықтан, әзірге қауіп жоқ. Дегенмен 10 сәуірде күн қатты жылынуы ықтимал. Сондықтан осыған дайын болу үшін барынша қам жасалды.
Ауданда қардың тез еруіне байланысты арналар суға тола бастады. Кеше Тасқала ауылында аудандық аурухана тұсымен өтіп, Деркөл өзеніне құйылатын арна (канал) суының деңгейі көтеріліп, соның бойындағы үйлерге су кіру қаупі төнді. Сондықтан Маяковский және Горький көшелерін жалғастырып тұрған автокөлік өтетін бөгет жырылып, судың ағу бағыты ашылды. Қауіп сейілгеннен кейін бөгет қайта қалпына келтірілетін болады.