БҚО: Е.Досқалиев турнирінде қызылордалық палуан жеңімпаз атанды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қаратөбе ауданында қазақ күресінен Қазақстанның тұңғыш абсолютті чемпионы, Ұлы Отан соғысы кезінде ерлікпен қаза тапқан Еңсеп Досқалиевті еске алуға арналған республикалық турнир мәреге жетті.
Айтулы додада абсолютті салмақ дәрежесінде финалда қызылордалық Айбек Серікбаев пен шымкенттік Әділжан Ыстыбаев белдесті. Үш минутта қарсыласын таза жеңген А.Серікбаев чемпион атанып, «түйе палуанға» тігілген 250 мың теңгені ұтып алды. Батыс Қазақстанның Бөрлі ауданынан келген Темірлан Көлбай үшінші орынды иеленді. Сонымен қатар 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды. Оларға да дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Айта кетейік, аталмыш жарыс аудан әкімі, атақты спортшы Асхат Шахаровтың бастамасымен биыл екінші рет ұйымдастырылды.