БҚО экология департаменті Шаған өзеніндегі жағымсыз иіске қатысты түсінік берді
ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО экология департаменті Шаған өзеніндегі жағымсыз иіске қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада Орал қаласының тұрғыны Шаған өзеніндегі шлюз маңы сасып кеткендігін хабарлады.
«Шамасы, кәріз жарылып, содан өзенге боқтықтың бәрі құйылып жатқан болуы керек. Бұл арада демалу мүмкін емес. Экологтар қайда қарап отыр?» - дейді жазба иесі.
БҚО экология департаментінің басшысы Ербол Қуановтың бейнежазбада айтылған жерге келіп тұрғандығын көруге болады, ол онда ешқандай иістің байқалмайтынын жеткізген.
«Департаменттің арнайы мамандары судан сынама алды. Сонымен қатар Шағанның Жайық өзеніне құяр тұсынан да сынама алынады. Химиялық талдау жасап, нәтижесін хабарлайтын боламыз», - деді Е.Қуанов.