БҚО-ға тұрақты тұруға 15-тен астам теолог шақырылады
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында дін саласында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіріп, жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу қажет.
Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалығымен өткен БҚО әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметовтің айтуынша, зерттеулер мен талдау жұмыстары көрсеткеніндей, діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алуда дәл осы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары негізгі пәрменді әдіс-тәсіл болып табылады. Қазіргі таңда өңірде облыстық, қалалық және аудандық деңгейде барлығы 14 ақпараттық-түсіндіру топтары қызмет етеді. Биыл осы топтар арқылы 162640 адамды қамтыған 1353 шара өткізілді. Дегенмен бұл жұмыстарды әлі де ширата түсудің маңызы зор. 
Осы орайда алдағы жылдың 20 қаңтарына дейін аудандық және қалалық әкімдіктердің аппараттары құрамындағы қазіргі бар штаттар аясында діни қызметті реттеу саласында жұмыс жүргізетін арнайы қызметкер бөлу қарастырылуда. Діни салада жұмыстану үшін әлеуметтік тапсырыс есебінде Оралда (900 мың теңге), Бөрлі (2 млн. теңге), Ақжайық (500 мың теңге), Сырым (2 млн. теңге), Тасқала (1 млн. теңге) аудандарында қажетті қаржы бөлініп, үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) жұмылдырылып жатқанымен, басқаларында бұл мәселе шешілмеген. Сол секілді Бөкей ордасы мен Зеленов аудандарының мекемелері теологтармен, дінтанушылармен қамтылмаған. 
Жаңа әдіс-тәсіл дегенде, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар арқылы жастардың патриоттық сезімдерін арттырып, дәстүрлі рухани және ұлттық-мәдени құндылықтарды насихаттайтын 3D форматтағы қысқа метражды бейнероликтер жасақтап, кинотеатрларда, ойын-сауық орталықтарында және жастар көп шоғырланатын басқа да жерлерде көрсету ұсынылады. ҮЕҰ арқылы үгіт бригадалары мен пойыздарын, флешмобтар ұйымдастырса, артық емес. Жұмыссыз жүрген діни жамағаттың ақпараттық базасын жасақтап, оларды жұмысқа орналастыру мақсатында облыстың барлық мешіттерінде жұма намазы кезінде бос жұмыс орындары туралы деректер беріп отыру қажет. Өңірге ұзақ мерзімді тұрақты жұмысқа он бестен астам теологты, соның ішінде орыс тілін жетік білетін мамандарды тартып, осында түпкілікті қалуы үшін әлеуметтік жағдайын жасаса, дұрыс болар еді.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың атап өткеніндей, Ақтөбе және Алматы қаласында орын алған лаңкестік оқиғалардан кейін бұл бағыттағы жұмыстардың күшейтілгені белгілі. Биылғы 6 маусымнан бастап өңірде енгізілген лаңкестік қауіптіліктің бірқалыпты сары деңгейі 2017 жылдың 17 қаңтарына дейін ұзартылды. Сондықтан экстремизм мен лаңкестікке қарсы тұру үшін тұрғындар, әсіресе, жастар арасында діни сауаттылық деңгейін арттыру мәселесі күн тәртібінен түспейді.

Отырыста сондай-ақ облыстық Ммәдениет, мұрағаттар және құжаттама, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, Жастар саясаты мәселелері басқармаларының басшылары Дәулеткерей Құсайынов, Жанат Асантаев, Аян Сакошев өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, діни салада күш біріктіріп, қызмет атқарудың мәні зор екендігін жеткізді.