БҚО Иран елімен сауда-экономикалық байланысты жолға қоймақ
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 30-31 шілде күндері облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған БҚО делегациясы Иран елінде болып, маңызды кездесулер өткізді.
БҚО әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, делегация құрамында мұнайгаз және ауыл шаруашылығы салаларындағы ірі қазақстандық компаниялар өкілдері болды.
Сапар барысында Қазақстанның Ирандағы елшілігі Тегеран қаласында бірнеше пайдалы жүздесу ұйымдастырды. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Иран Ислам Республикасы мұнай өнеркәсібі жабдықтарын өндірушілер ұйымдары директорлар кеңесінің төрағасы Хайямия және директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Лидервамен кездесті. Осы шара аясында БҚО кәсіпорындары мен ирандық мұнай компанияларының басшылары да кездесіп, онда Батыс Қазақстан облысының мүмкіндіктері таныстырылып, мұнайгаз саласына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.
Сапар барысында Иранның Ауыл шаруашылығы, Индустрия, шахта және сауда министрліктері, ірі ирандық компаниялар, мұнайхимия өнеркәсібі қауымдастығы басшылары және өкілдерімен кездесулер болды. Оған қоса Альбруз провинциясында бизнес-форум болып, онда БҚО-ның әр саладағы әлеуетті мүмкіндіктері таныстырылды.
Кездесулер кезінде тараптар БҚО мен Иран арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Сапар соңында өнеркәсіп, мұнайхимия және ауыл шаруашылығы салаларында бірқатар екіжақты келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.
БҚО әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, биыл сәуір айында Елбасы Иран мемлекетіне ресми сапармен барды. Сол кездесулер кезінде сауда қарым-қатынасын дамыту үшін кәсіпкерлерге виза беру рәсімін жеңілдету мәселелері қаралды. Сондай-ақ екі ел басшылары ауыл шаруашылығы, ғылым, технология және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттігіне назар аударды. Енді сол келісімдер нәтижесінде өңіраралық байланысқа ден қойылуда.