БҚО: Қаратөбе ауданында атақты палуан Е.Досқалиевті еске алуға арналған турнир өтуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қаратөбе ауданында атақты палуан, Қазақстанның тұңғыш абсолютті чемпионы Еңсеп Досқалиевті еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнир өтуде.

БҚО: Қаратөбе ауданында атақты палуан Е.Досқалиевті еске алуға арналған турнир өтуде

Қаратөбе ауданының әкімі, белгілі спортшы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, самбодан үш дүркін әлем чемпионы, қос мәрте әлем кубогының иегері, дэюдодан әлем біріншілігінің қола жүлдегері Асхат Шахаровтың қолдауымен биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған додаға Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарынан және Орал қаласы мен Батыс Қазақстанның тоғыз ауданынан барлығы 135 палуан қатысып, 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі және абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша бақ сынауда. Турнирдің «түйе палуаны» атанған спортшыға 250 мың теңге тігіліп отыр. Биылғы жарыстың ерекшелігі, жеңімпаз-жүлдегерлерге сыйлыққа қоса ҚР спорт шеберіне үміткер атағы берілмекші.

Шараға Еңсеп Досқалиевтің Алматы, Тараз қаласында тұратын ұрпақтары қонақ ретінде келді.

Еске сала кетейік, қазақ күресінен Семей қаласында 1939 жылы республиканың тұңғыш абсолютті чемпионы атанған, кейін Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Еңсеп Досқалиевті еске алуға арналған республикалық деңгейдегі жарыс өткен жылғы тамызда Қаратөбе ауданында алғаш рет ұйымдастырылып, оның бас жүлдесін шығысқазақстандық палуан, «Қазақстан барысы» турнирінің 2013 жылғы жеңімпазы Айбек Нұғымаров жеңіп алған болатын.